«Қонақ сабақтар семинары»
23.11.2026
ЗАМАНАУИ БІЛІМ – ШЫҒАРМАШЫЛ МҰҒАЛІМНІҢ ІЗДЕНІСІ, ШЫҒАРМАШЫЛ ОҚУШЫНЫҢ ЖЕТІСТІГІ
Бүгінгі білім беру кеңістігі мұғалімнен үздіксіз ізденісті, жаңашылдықты, кәсіби шеберлікті және заман талабына сай өзгерістерге бейім болуды талап етеді. Өйткені қазіргі мектептің басты міндеті – тек білім беріп қана қоймай, алған білімін өмірде қолдана алатын, өз ойын еркін жеткізетін, сыни тұрғыдан ойлайтын, шығармашыл әрі бәсекеге қабілетті тұлға қалыптастыру. Осы мақсатта А. Үкібаев атындағы жалпы орта білім беретін мектебінде заманауи білім беру технологияларын тиімді пайдалану, озық педагогикалық тәжірибені тарату және мұғалімдердің кәсіби құзыреттілігін арттыру бағытында 23-қараша күні қонақ сабақтар семинары өткізілді.
Семинардың негізгі мақсаты – педагогтердің жаңашыл тәжірибесін ортаға салу, сабақ үдерісінде тиімді әдіс-тәсілдерді қолдану, жасанды интеллект мүмкіндіктері мен «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында құндылықтарын білім беру мазмұнымен ұштастыру және оқушылардың жеке қабілеттерін дамытуға бағытталған сараланған оқытудың тиімділігін көрсету болды.
Семинар барысында пән мұғалімдері өздерінің кәсіби шеберліктерін, шығармашылық ізденістерін және заманауи оқыту технологияларын меңгеру деңгейлерін жоғары дәрежеде көрсетті. Әрбір сабақ мазмұндық тұрғыдан жүйелі құрылып, оқушылардың белсенді әрекет етуіне, өздігінен білім алуына, талдау, салыстыру, қорытынды жасау дағдыларын дамытуға бағытталды.
Қонақ сабақтар аясында түрлі пәндер бойынша жеті ашық сабақ ұсынылды.
Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Абдимуратова Рано Жумамуратовна 9 «Ә» сыныбында қазақ әдебиетінен мазмұнды сабақ өткізіп, оқушылардың әдеби шығарманы түсіну, талдау және өз көзқарасын білдіру дағдыларын дамытуға басымдық берді. Математика пәнінің мұғалімі Рысдаулетов Нұрлан Мейірбекұлы 8 «А» сыныбында алгебра пәнінен логикалық ойлау мен математикалық сауаттылықты қалыптастыруға бағытталған тапсырмаларды тиімді ұйымдастырды.
Тарих пәнінің мұғалімі Нурмагамбетова Данагуль Манарбековна 7 «Ә» сыныбында Қазақстан тарихынан тарихи оқиғаларды саралау, өткен мен бүгінді байланыстыру арқылы оқушылардың танымдық белсенділігін арттырды.
Орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Шанатова Разия Абисовна 9 «А» сыныбында оқушылардың тілдік құзыреттілігін дамытуға, сауатты сөйлеу мен өз ойын жүйелі жеткізуге бағытталған әдістерді қолданды.
География пәнінің мұғалімі Болат Айымторы Серікқызы 8 «Ә» сыныбында географиядан оқушылардың кеңістіктік ойлауын, қоршаған орта туралы түсінігін және практикалық дағдыларын жетілдіруге бағытталған жұмыстар жүргізді.
Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Мергенбаева Рсалды Сазанбаевна 5 «А» сыныбында қазақ тілінен оқушылардың жас ерекшеліктеріне сай қызықты тапсырмалар арқылы пәнге деген қызығушылығын арттырды.
Ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Габдуллина Венера Закиржановна 7 «А» сыныбында ағылшын тілінен коммуникативтік дағдыларды дамытуға, оқушылардың еркін қарым-қатынас жасауына мүмкіндік беретін тиімді тәсілдерді көрсетті.
Сабақтардың барлығына ортақ ерекшелік – заманауи педагогикалық тәсілдердің орынды қолданылуы, оқушы белсенділігіне басымдық берілуі және білім алушылардың жеке мүмкіндіктерін ескеру болды.
Семинардың ерекше жаңашыл бағыты – жасанды интеллект (ЖИ) мүмкіндіктерін және «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында құндылықтарын сабақ үдерісіне кіріктіру.
Пән мұғалімдері жасанды интеллект құралдарын пайдалана отырып, оқушылардың білім деңгейіне, қабылдау ерекшелігіне және жеке қабілетіне сәйкес сараланған тапсырмалар әзірледі. Бір тақырып аясында әртүрлі күрделілік деңгейіндегі тапсырмалардың ұсынылуы әрбір баланың өз мүмкіндігіне қарай жұмыс істеуіне жол ашты. Қолдауды қажет ететін оқушыға түсінікті әрі бағыттаушы тапсырмалар, орта деңгейдегі оқушыға білімін бекітуге арналған жұмыстар, ал қабілеті жоғары оқушыларға ізденіс пен терең талдауды талап ететін күрделі тапсырмалар ұсынылды.
Бұл – «әр бала маңызды, әр баланың жетістігі құнды» деген педагогикалық ұстанымның нақты көрінісі. Жасанды интеллект мұғалімді алмастыратын құрал емес, керісінше, мұғалімнің шығармашылық әлеуетін арттырып, уақытын тиімді ұйымдастыруына және әр оқушының қажеттілігіне сай білім беруіне көмектесетін заманауи көмекші екені сабақтар барысында айқын байқалды.
Сабақтарда цифрлық ресурстарды, интерактивті тапсырмаларды, оқушылардың өзара ынтымақтастығын, кері байланыс пен қалыптастырушы бағалау тәсілдерін тиімді ұштастыру білім беру үдерісінің мазмұнын байыта түсті. Мұғалімдер тек ақпарат жеткізуші емес, оқушының ізденісіне бағыт беретін, білім алуына жағдай жасайтын фасилитатор ретіндегі рөлдерін жоғары деңгейде көрсетті.
Семинардың қорытынды бөлімінде «Біріктірілген сыныпта – тиімді оқытудың жаңа мүмкіндіктері» тақырыбында коучинг өткізіліп, Магизамов Торемурат Серикович пен Мағзұм Анаркүл Ансағанқызы өз тәжірибелерімен бөлісті. Коучинг барысында біріктірілген сынып жағдайында оқытуды тиімді ұйымдастыру, оқу мақсаттарына қол жеткізу және білім сапасын арттыру жолдары талқыланды.
Семинар соңында Жарқайың аудандық білім бөлімінің әдістемелік орталығының әдіскері Исаева Гульжан Жумабаевна қорытынды ұсыныстарын білдіріп, өткізілген сабақтарға әдістемелік тұрғыдан баға берді.
Аталған семинар – мұғалімдердің өзара тәжірибе алмасуына, кәсіби дамуына және жаңа идеялармен шабыттануына мүмкіндік берген тағылымды алаң болды.
Заманауи білім берудің жетістігі – жаңашыл мұғалімнің ізденісінде, ал жаңашыл мұғалімнің еңбегінің жемісі – ізденімпаз оқушының жетістігінде!