Балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру
Жарқайың ауданында балалардың жазғы демалысы мен бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында бекітілген жоспарға сәйкес үш маусым бойынша іс-шаралар өткізілуде.
Жазғы кезеңде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, шығармашылық қабілеттерін дамытуға, патриоттық тәрбие беруге, кәсіптік бағдарлауға, өлкетануға және бос уақытын тиімді ұйымдастыруға бағытталған түрлі іс-шаралар жүзеге асырылуда.
Бірінші маусымда жазғы демалыс кезіндегі қауіпсіздік ережелері бойынша түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылып, «Қаладан – ауылға» жобасы аясында экскурсиялар, Есіл қаласындағы колледжге кәсіптік бағдарлау сапары, «Мәңгілік елдің мәңгі естеліктері» атты танымдық экскурсиялар және Аманкелді ауданына «Әлемнің жеті кереметіне саяхат» экскурсиясы өткізілді.
Екінші маусымда көңілді кештер ұйымдастырылып, мектеп жанындағы сауықтыру алаңдарының жұмысына дайындық жүргізілді. Сонымен қатар «Ауылдан – қалаға» жобасы аясында оқушылардың өзара сапарлары, Жарқайың ауданының тарихи орындарына танымдық экскурсиялар және Аманкелді ауданына саяхаттар өткізілді.
Үшінші маусымда мектеп жанындағы сауықтыру алаңдарының жұмысы жалғасып, оқушылардың Арқалық қаласындағы өлкетану мұражайына экскурсиялары, ауданның тарихи орындарына танымдық саяхаттар, мәдени-көпшілік іс-шаралар мен көңілді кештер ұйымдастырылды.
Жаз бойы барлық білім беру ұйымдарында балалардың қауіпсіздігіне ерекше назар аударылып, жол қозғалысы ережелері, судағы қауіпсіздік, өрт қауіпсіздігі және төтенше жағдайлардың алдын алу бойынша түсіндіру және профилактикалық жұмыстар тұрақты жүргізілді.
Жоспарланған іс-шараларды жүзеге асыру балалардың жазғы демалысын мазмұнды, қауіпсіз әрі тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік береді.