03.08.2026
2026 жылғы 23 шілде күні Ақмола облысы білім басқармасының Жарқайың ауданы бойынша білім бөлімінің ұйымдастыруымен және аудандық әдістемелік кабинеттің үйлестіруімен «Этноауыл – ұлттық мұраның қайнар көзі, тәрбиенің алтын бесігі» атты өңірлік семинар өткізілді.
Семинарға Атбасар, Есіл аудандарының білім бөлімдерінің басшылары мен мамандары, әдіскерлер, директорлардың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары және педагогтер қатысты.
Семинардың негізгі мақсаты – ұлттық құндылықтарды дәріптеуге, балалардың жазғы демалысын мазмұнды ұйымдастыруға бағытталған «Этноауыл» жобасының тиімді тәжірибесін тарату.
Жоба аясында әрбір білім беру ұйымында «Этноауыл» бағыты бойынша жұмыс жоспары әзірленген. Сонымен қатар аудандық әдістемелік кабинет жыл сайын бірыңғай чек-парақ пен іс-шаралар кестесін жасап, барлық жиырма мектептің қатысуымен «Қаладан – ауылға», «Ауылдан – қалаға» тәжірибе алмасу кездесулерін, тарихи және киелі орындарға экскурсияларды, туристік жорықтарды, қосымша білім беру ұйымдарының шығармашылық бағдарламаларын және түрлі мәдени-танымдық іс-шараларды жүйелі түрде ұйымдастырады.
Семинар соңында қатысушылар тәжірибенің практикалық маңыздылығын жоғары бағалап, өз өңірлерінде жобаның тиімді тәжірибесін енгізуге қызығушылық танытты.
Осындай тағылымды кездесулер педагогтердің кәсіби ынтымақтастығын нығайтып, ұлттық құндылықтарға негізделген тәрбие жұмысын жетілдіруге және үздік тәжірибелерді кеңінен таратуға мүмкіндік береді.